2027 жылы Қытай Халық Республикасының Чанчунь қаласында XXXIII Дүниежүзілік қысқы студенттік ойындар (FISU World University Games Winter) өтеді.

Дүниежүзілік студенттік ойындар — Олимпиада ойындарынан кейінгі ауқымы мен маңызы жағынан әлемдегі ең ірі халықаралық кешенді спорттық жарыстардың бірі.

Спорттық дода 2027 жылғы 15–25 қаңтар аралығында Цзилинь провинциясының Чанчунь және Цзилинь қалаларында Халықаралық университеттік спорт федерациясының (FISU) ұйымдастыруымен өтеді.

Ауқымды спорттық іс-шараға әлемнің бес құрлығындағы 50-ден астам ел мен өңірден 3000-ға жуық қатысушы келеді деп күтілуде.

Ойындар бағдарламасына спорттың 12 түрі енгізілген:

  • Тау шаңғысы;
  • Шаңғы жарысы;
  • Мәнерлеп сырғанау;
  • Шорт-трек;
  • Конькимен жүгіру спорты;
  • Фристайл және фриски;
  • Сноуборд;
  • Шаңғымен бағдарлау;
  • Шаңғы альпинизмі (ски-альпинизм);
  • Кёрлинг;
  • Шайбалы хоккей;
  • Кросс (ойлы-қырлы жерлермен жүгіру).

Сонымен қатар, жарыс бағдарламасына паратау шаңғысы және парашаңғы жарысы енгізілген. Ойындар барысында жалпы 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Дүниежүзілік қысқы студенттік ойындардың салтанатты ашылу рәсімі 2027 жылғы 15 қаңтарда Чанчунь қаласындағы «Wuhuan Gymnasium» спорт кешенінде өтеді.

Спорттық жарыстармен қатар мәдени және білім беру іс-шаралары, сондай-ақ 16–18 қаңтар аралығында FISU Дүниежүзілік ғылыми конференциясы ұйымдастырылады.

XXXIII Дүниежүзілік қысқы студенттік ойындар халықаралық студенттік спортты дамытуға, жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және спорттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған 2027 жылдың маңызды спорттық оқиғаларының бірі болмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *