2026 жылғы 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Өзбекстан Республикасының Ташкент және Самарқанд қалаларында халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және университеттік спортты дамытуға бағытталған Орталық Азия студенттік спорт федерациясының I форумы өтті.
Іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменистан және Моңғолияның ұлттық студенттік спорт федерацияларының өкілдері, сондай-ақ Халықаралық университеттік спорт федерациясының (FISU) басшылығы қатысты.

Форум жұмысына FISU президенті Леонц Эдер және FISU Бас хатшысының орынбасары Фернандо Силва Паренте қатысты.
Қазақстан Республикасының делегациясын Қазақстан ұлттық студенттік спорт одағының президенті, Орталық Азия студенттік спорт федерациясының президенті Қайрат Закирьянов басқарды.
Еске сала кетейік, Орталық Азия студенттік спорт федерациясы 2025 жылғы қарашада ұлттық федерациялар арасындағы ынтымақтастықты нығайту, студенттік спорт қозғалысын дамыту және бірлескен халықаралық бастамаларды жүзеге асыру мақсатында құрылған болатын.
Форум аясында қатысушылар студенттік спортты дамытудың өзекті мәселелерін, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді, серіктестік байланыстарды нығайтуды, сондай-ақ бірлескен спорттық және білім беру жобаларын іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Жұмыс отырыстары барысында FISU президенті Леонц Эдер FISU-дың 2031 жылға дейінгі стратегиясы жобасының негізгі бағыттарын таныстырды. Аталған құжатты 2027 жылғы қаңтарда Қытайдың Чанчунь қаласында өтетін FISU Бас ассамблеясында бекітуге ұсыну жоспарланып отыр.

FISU Бас хатшысының орынбасары Фернандо Силва Паренте халықаралық ынтымақтастық, FISU-дың білім беру бағдарламалары және студент жастарды қолдауға бағытталған бастамалар жөнінде баяндады.
Орталық Азия студенттік спорт федерациясының I форумының өткізілуі ұйым қызметін дамытудағы маңызды кезеңге айналып, халықаралық серіктестік байланыстарды нығайтуға және FISU-мен өзара ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етті.
