FISU

Халықаралық студенттік спорт федерациясы (FISU) — бүкіл әлемдегі студенттер арасында спортты дамыту және насихаттау мақсатында құрылған халықаралық спорт ұйымы. Ұйымның штаб-пәтері Швейцарияның Лозанна қаласында орналасқан. Федерация құрамына кіретін 174 ұлттық студенттік спорт федерацияларының қызметін үйлестіреді.

FISU ұйымының қамқорлығымен әр екі жыл сайын студенттер арасында Олимпиада ойындарының баламасы ретінде Жазғы және Қысқы Универсиадалар өткізіледі.

FISU-дың миссиясы — білім мен спорт арасындағы байланысты нығайту арқылы, сондай-ақ студенттер мен жастар арасында олимпиадалық құндылықтарды ілгерілету арқылы ертеңгі көшбасшыларды тәрбиелеуге қатысу.

1959 жылдан бастап FISU әр екі жыл сайын студенттерге арналған Бүкіләлемдік студенттік ойындарды — Универсиадаларды өткізеді. Бұл жарыстарға жасы 17 мен 25 аралығындағы университет студенттері қатыса алады.

Сонымен қатар, жұп жылдары Универсиадалардан тыс, FISU Универсиадалар бағдарламасына кірмеген спорт түрлері бойынша студенттер арасындағы әлем чемпионаттарын ұйымдастырады.