Президент туралы
Закирьянов Қайрат Қайруллинович
1976 жылы С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дің механика-математика факультетін аяқтаған. 1976–1979 жылдар аралығында Абай атындағы ҚазПИ-дің аспирантурасында оқыды. 1979–1995 жылдары аралығында Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ассистенттен бастап университет ректоры қызметіне дейінгі жолдан өтті. 1995–1998 жылдары Закирьянов Қ.Қ. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі қызметтерін атқарды.
1998 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қайрат Қайруллинович Закирьянов Қазақ спорт және туризм академиясының президенті қызметін атқарып келеді.
Закирьянов Қ.Қ. 2017 жылы 28 қаңтар мен 5 ақпан аралығында Алматы қаласында өткен Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың өткізілу құқығын жеңіп алуда айрықша үлес қосты.
Аталған Бүкіләлемдік студенттік ойындарда Қазақстан керемет жетістікке жетіп, жалпы командалық есепте екінші орынды иеленді. Ел қоржынына барлығы 36 медаль (оның ішінде 11 алтын, 8 күміс және 17 қола) түсті. Бұл жетістіктің ішінде 24 медальді Қазақ спорт және туризм академиясының студенттері алып келді – 7 алтын, 6 күміс және 11 қола медаль.
Алматыда өткен XXVIII Қысқы Универсиада қала мен ел үшін үлкен мұра қалдырды. Алматы қаласында заманауи спорт инфрақұрылымы қалыптасты. Жарыстар қарсаңында екі ірі спорт кешені – 3000 орындық «Халық Арена» және 12 000 орындық «Алматы Арена» пайдалануға берілді. Бұл нысандарда бүгінде шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, керлинг, сондай-ақ бокс, грек-рим және еркін күрес, самбо, дзюдо сынды спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік бар.
Сонымен қатар 5000 орындық Олимпиадалық ауыл іске қосылды. Универсиада халықаралық туристер легін тартты және Алматы қаласының халықаралық туризм орталығы ретінде имиджін қалыптастыруға ықпал етті. Универсиаданы өткізу мен оған дайындық нәтижесінде Алматы қаласы шын мәнінде әлемдік қауымдастықтың ғылыми, мәдени және спорттық орталығына айналды.